"Ақмола облысы білім басқармасының Бурабай ауданы бойынша білім бөлімі Жаңаталап ауылының бастауыш мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Начальная школа села Жанаталап отдела образования по Бурабайскому району управления образования Акмолинской области "

СоцСети

    

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Ұстаздар күні "Ұстаздар ұлы тұлғалар"

30 қыркүйек күні ұстаздардың төл мерекесіне арналған "Ұстаздар ұлы тұлғалар" атты мерекелік концерті өткізілді. Мерекелік концертке мектеп ардагер ұстаздары шақырылып, оқушылар ән айтып, би биледі.

 

Ұстаздар – ұлы тұлғалар

«Ұстаздар – ұлы тұлғалар» атты мерекелік концерт
Мақсаты:
Оқушыларды ұстазды құрметтеуге, сыйлауға үйрету, ұстаз мамандығының қыры мен сырларын түсіндіру. Ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге үйрету.
І жүргізуші: Ұстаз... Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – Ұстаз.
ІІ жүргізуші:
«Ұстаз» деген сөз қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған.«Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер « ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады.
І жүргізуші: Шәкірттерге білім беруде ұстаздардың еңбегі ұшан теңіз. Сондықтанда ұстаз әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
ІІ жүргізуші: Олай болса, қадірлі ұстаздар!
Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз.
І жүргізуші: Сіздердің шәкірттерді тәрбиелеп, білім беру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін.
ІІ жүргізуші: Ұстаз! Осы бір сөздің өзінде қаншама мән – мағына, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтыны белгілі. Небір данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті арман қуған жеткіншектер де бәрі бір адамға қарыздар.
Әдеби монтаж
«Мұғалім ол біздің» әні

Еркеназ:

Мерекемен құттықтаймыз,

Мұғалімін әр пәннің.

Ұстаздарды көреміз біз,

Шұғыласындай әр таңның.

Нұрсұлтан:

Әр таң сайын жаңа арман құшамыз,

Ұстазымыз - үлгі бізге ісі аңыз.

Жақсылықты, тәтті үмітті танытқан

Өзіңізді мәңгі үлгі тұтамыз!

Нұрайым:
Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңнен бастау алар бар арман.
Мақсат:
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып,
Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,
Қасиетіне бас иейік мәңгілік

Би ұлдар

Аруна

Арналады ұстаздарға,

Құрмет деген, төр деген.

Біздің елде адам бар ма,

Ұстаз алдын көрмеген.

Қарақат:

Ұстаздар – ұлттың тірегі,

Ұстаздар – мектеп жүрегі

Ұрпаққа жетер ұстазбен,

Халықтың ұлы тілегі.
Камшат:
Мұғалім, ғазиз мұғалім,
Төгілген арай, шуағым
Арманым қонса, қолыма,
Арқаң деп сенің ұғамын.
Амина:
Мұғалім, ғазиз мұғалім,
Сарқылмас мәңгі бұлағым.
Ұланың бүгін тойыңда,
Арнайды саған бұл әнін.

«Ұстазым» әні

Ерсұлтан:

Ақырын жүріп анық бас
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға
Айғаным:

Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың
Раяна:
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы

Би қазақша
ІІ жүргізуші: Иә, ол – ұстаз! Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Адамды тәрбиелеп, оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш, сондықтан да ұстаздың еңбегі – ұлы еңбек.
Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып тер төккен шопан да бәрі – бәрі ұстаздан тәлім алған, сондықтан барлық құрмет ұстаздарға арналады.

«Әнші балапан» әні

Мақсат:

Білімін құйған санама,

Ұқсайтын асыл анама.

Мектептегі бар ұстаз,

Лайық ең зор бағаға.

Нұрайым:

Ұстаз деген бір тұлға,

Ең қадірлі мамандық.

Мұғалімге, ұстазға

Біз тілейміз амандық.
Қарақат:

Ұстаз деген ұлы сөз ұлағатты,

Ол болмаса, кім береді парасатты.

Асылын беріп шәкірт бойларына,

Ағартқан сол үшін де қара шашты.

Нұрсұлтан:

Ұстазға әркім басын ию керек,

Кемеңгер, ақылшым деп білу керек.

Сен бүгін керемет боп кетсең дағы,

Жеткізген сол ұстаз деп білу керек. 

Аруна:

Жақсылар ұмытпайды ұстаздарын,

Ойлайды, олар сонымен ұшталғанын.

Мәңгілікке мақтанып өтеді ұстаз,

Шәкіртінің биікке шыққандарын.

Еркеназ:

Бүгінгі күн құшақтарың гүлге толсын,

Дендерінің саулығы мықты болсын!

Білімменен суарған шәкірттерін,

Төл мерекең ұстаздар құтты болсын!

Би қазақша

І жүргізуші: «Мектеп – білім тірегі, ұстаз - оның жүрегі» - деп ғұлама ағаларымыз айтқандай, менің ойымша, кез – келген адам ұстаз бола алмайды.
ІІ жүргізуші: Олай ойлауыңның себебі неде?
І жүргізуші: Себебі ұстаздық - өнер, тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез – келген адамға қона бермейді.
ІІ жүргізуші: Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт.
«Ұстазым менің» әні

 

 

 


Текст